«2 Мың Теңге Сыйақымды Анама Апарып Бердім»

Осы аптада өнер ордасы Алматыдан шымкенттік театр сүйер қауымға ақжарылқап жақсы жаңалықтар жетті. Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының әртісі Нұржамал Қалмбаева Халықаралық театр сыншылары бірлесітігінің ұйғарымымен «Эпизодтық рольдегі жыл актрисасы» номинациясы бойынша марапатталды. Нақтырақ айтар болсақ режиссер  Әлібек Өмірбекұлы қойған «Qora Z» спектальіндегі министрдің рөлі үшін актриса жүлдеге лайықты деп танылған.

Орайы келгенде баяндайық, «Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» — «International Union of Theatre Critics» 2020 жылы 13 ақпанда тұсауын кесе салысымен қазақ  сахна өнеріне жаңа леп алып келген бірлестік. Бірлестік жетекшілерінің айтуынша, бұл ұйымға еліміздің ғана емес шетелдің де белгілі театртанушы мамандары мүше. Олар заманауи театр мен драматургия мәселелерін талқылайды. Жыл сайын Қазақстан театрларының жұмыстарына баға беріліп, жеңімпаздар анықталады. Сахна өнерінің қорытындысы шығарылады.

Дәл осы бірлестіктің ұйғарымы бойынша 2021 жылы  Қазақстанда ең көп қойылған авторлар тізіміне Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімі меңгерушісі, драматург Сая Қасымбек еніп отыр. Екінші жыл қатарынан драматург С.Қасымбек шығармалары үздік ондық сапында. Бұл үлкен жетістік.

Шаниндік театр ұжымын қос бірдей қуныштарымен құттықтай отырып, оқырманымызға үздік эпизодтық рөл жеңімпазын жақынырақ таныстыруды мақсат тұттық.

Кейіпкеріміз Нұржамал Қаламбаеваның Ж.Шанин театрында қызмет атқарып жүргеніне биыл ширек ғасыр толды. Осынау жылдар аралығында ол көрерменге талай образдарда танылды. Десек те, оны әсіресе, кішкентай көрермендер жақсы көреді. Себебі ол сахынадағы 25 жылының жартысына жуығында ертегі кейіпкерлерін сомдады. Сахна өнерінде біле білген адамға ең қиыны да ересек адамның бала кейпіне түсуі, бала боп ойнауы. Соның ішінде аң-құстың образын айнытпай беру, әсіресе патша көңіл көрерменің бала болса қиынның қиыны осы емес пе? Себебі баланы алдау қиын. Ал режиссер Ғазиз Арынов қойған «Қорқақ көжекте» Нұржамал Қаламбаева 11 жыл Көжек болды. Әрине, ол сомдаған талай ертегінің кейіпкері мысық та, күшік те кішкентай көрерменге үлкен әсер сыйлағаны анық. Алайда Қорқақ Көжектің орны бөлек. Балақайлар Көжек – Нұржамал апаларына бауыр басқандай. Бұл қойылымның он бір жыл сахнадан түспеуі де соның дәлелі.

–О баста биші болуды армандадым, – дейді кейіпкеріміз Нұржамал Қаламбаева.– Әртістің де оқуына түсу үшін үш жыл қатарынан келіп әзер қабылдандым. Ал би студиясына барғанымда нәзік те талдырмаш, сирағы ұзын қыздарды көргенде, ауылда ер балаша өскен, аяқ-қолым балғадай, өзімнің топ-томпақ түріме қарап, «қой, Нұржамал, би өнері саған лайық емес екен» деп жұбатқаным бар.

Есесіне ол оқу бітіре салып, Ж.Шанин театрына қабылданғанды. Тостағандай көздеріне қарап сол кездегі театр директоры Сансызбай Сытышов ағасының «әй, бадырақ көз, осы сен әне бір ертегіде ойнап көрші… сенің қолыңнаң келетін сияқты» деп жөн сілтегені бар. Сол-сол екен Нұржамал ертегілер елінің жұлдызына айналды да кетті. Аңғал көңіл, бала мінез кішкентай көрермендерге жақындастырды да қойды. Бала демекші, аң-құстың образынан шығып, адам боп ойнаған алғашқы рөлдерінің бірі де ересек адам емес, баланың рөлі болды. Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматов бірлесіп жазған шығарма бойынша қойылған «Миғұла терісі үстіндегі сот» спектакльінде Нұржамал қытай баласы Чанның рөлін сомдады. 1999 жылы Ж.Шанин театры Түркияға халықаралық театр фестивальіне қонақ ретінде қатысқанда да Нұржамал бірінші құрамда Чан рөлін сомдап, шетелдік көрерменнің көзайымына айналған.

Ал, 2012 жылы Алматыда өткен «Д.Исабеков әлемі» халықаралық театр фестивальінде «Енді кәйттік?» комедиясында сомдаған Мәрзия бейнесі «Үздік әйел» номинациясымен марапатталды. Бұл да екінші пландағы рөл. Есесіне фестивальге 13 мемлекеттен жиналған театр саңлақтары, сыншылары Нұржамал Қаламбаева образды аша білді деген тұжырымға келген.

Режиссер Ж.Есімов қойған «Тіл табысқандар» спектакльінде де Болдухан рөлі эпизодттық бейне. Ал Нұржамал оны көрерменге мол әсер қалдыратындай етіп ойнап шығуымен ерекшеленді. Еркешеленді де Ғ.Серікбаева атындағы номинацияны жеңіп алды.

Сахнадағы көмескі, болмашы, эпизодтық рөлдің өзін жарқын етіп сомдайтын Нұржамалдың талантына тәнті болғандар аз емес. Содан да болар оның кеудесінде бүгінде ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл толуына орай, «Мәдениет саласының үздігі» сынды төсбелгілер жарқырайды. Түрлі марапаттаулар, номинациялар Нұржамал бағындырар белестерге жетелей түсуде. Десек те кейіпкеріміз өзінің ең алғашқы сыйлығын еш ұмытпайтынын айтады.

–Екі мыңыншы жылдардың басы болу керек. Театрымыздың бас режисері Иманәлі Сапаров болатын. Жыл қорытындысы бойынша сахналанған ертегілерде ойнаған рөлдерім үшін маған екі мың теңге сыйақы тағайындалды. Театрға 1997 жылы келген болсам, содан бергі ең алғашқы сыйлық болғандықтан қуанышымда шек болмады. Жанағы екі мың теңгені алып, алып-ұшып анама бардым. «Мені оқытып, өсіргеніңіз үшін, мына сыйлық сізге арналған» деп табыс еттім. Анам да үмітінің ақталғанына ризашылығын білдіріп батасын жаудырып жатыр. Мен үшін бұдан үлкен сыйлық, марапат жоқтай.

Бүгінгі Шымкент – мегаполис. Мәдениеттің мәйегіне айналатын кез. Әсіресе, театр өнерінің талай тарландарына қанат бітірген шаһардағы қара шаңырақ – Ж.Шанин атындағы академиялық театры ұлт руханиятының ұстынындай. Алайда, соңғы кездері театр сахнасында әйел образдары біртіндеп кеміп бара жатқандай. Әйтпесе, сахна гүліне айналған арулар аз емес. Қайбір жылы режиссер Қуандық Қасымов бұл олқылықтың орнын жою үшін драматург Сая Қасымбектің аудармасындағы Б.Абдразақовтың «Әйел сырын» сахналады. Сол кезде шымкенттік театр сүйер көрермен сахнада талай арулардың өз образдарын барын сала ойнаған өнерлеріне тәнті болған. Айтпақшы, сол спектакльде біздің кейіпкеріміз Нұржамал Қаламбаева бірінші әйелдің рөлін сомдаған. Қойылым кейіпкерлерінің аты жоқ. Бәрі де нөмірленген ретпен сахнада өнер көрсетті. Көрермен сол қойылымға әлі де іздеп жүріп баруда.

Айтайын дегеніміз әйел әртіс бізде көп. Сахнаның гүлдері өз образдарын барын салып ойнайтыны да анық. Олар ойнайтын қойылымдар көбейе берсін дейміз.

Жәмила МАМЫРӘЛІ

Ақпарат https://ozgepikir.kz/  сайтынан алынды.