«Тор» немесе әзәзілдің қақпаны

Қым-қуыт тіршілікте ақ пен қараның мәңгілік күресіне мән беруге, ойлануға мұршамыз келе бермейді. Соңғы кезде «қоғам мейірімсізденді» дегенді жиі айтамыз. Ақиқаты – мейірімді болуды әрқайсысымыз өзімізден бастамаймыз…
 
Жаһанданудың адамзатқа әкелген жақсылығы мен жамандығы тепе-тең десек, жаңылмаспыз. Жақсылығы – әлем жаңалығынан санаулы минутта хабардар болсақ, жаманы – жат пиғылдың санамызға жебе боп қадалып жататыны.
Таяуда Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында премьерасы өткен М.Омарованың «Тор» психалогиялық драмасы (реж. ҚР мәдениет қайраткері Ж.Есімов) көтерген басты тақырып «Адалдық пен Сатқындық, Мейірім мен Опасыздықтан биік тұру үшін, «Адам» сөзіне лайық болу үшін қаншалықты дайынбыз?..» деген пәлсапалық ой. 
Қойылым Адам мен Ар тартысындағы тура жолдан аздыратын құйтырқы күш әзәзілдің Белгісіз жан боп келуімен басталады. Әу бастан тура жолдан тайдыратын әзәзіл күштің Адамзатқа қарсы өштескен сөзімен басталуында терең мән бар. Пенде болған соң өмірімізде келеңсіз жайттар орын алып, сәтсіздікке ұшырай қалсақ, міндетті түрде өзгеден көреміз. Өшігеміз. Есе қайтаруға ұмтыламыз. 
Қойылым «кездейсоқ қиындыққа ұшыраған жағдайда, ар алдына адал боп қалу қолымыздан келе ме?..» деген әлемдік пәлсапаны қозғайды. 
Бір қарағанда ең қарапайым болып көрінгенімен, өмірдің соқтықпалы-соқпағы көп жолынан аман өтудің  маңыздылығы осында болса керек. Тордың жолымызға қалай құрылғанын сезбейтінімізді оқиға барысымен біртіндеп көтеріле бастаған тордан көреміз. Айнала тылсым күштің сиқырлы торына шырмалған адамдар (сценограф ҚР мәдениет қайраткері Қ.Жұмақұлов).
Белгісіз жанның құрған торынан бейхабар көлік толы көңілді адамдар тойға бара жатады. Азды-кем тыныстап алуға тоқтаған көлік, тосыннан жүрмей қалады. Адамзаттың қия басқанын аңдып тұратын сиқырлы күш Белгісіз жан (арт. А.Төленов) лып етіп, арасына тап бола кетеді. Міне, оқиға осы жерден шиеленісе бастайды. 
Бұрындары теледидардан негатив ақпарат сұрыпталып барып жететін. Бүгінде әр адамның қолындағы қалта телефоннан қорғанарлық жол қалмады. Жер шарының бір түкпіріндегі оқиғаны сол сәтінде көріп, біліп отырасың. «Ойпыр-ай, адамдар қалай азғындап кетті?..» деп жағамызды ұстаймыз. Өз ортамызда, тіптен, қасымызда ұқсас жайттар болып жатқанын көрсек те көрмейміз. 
Иә, түлен деген құдыретті күшті жеңу үшін бойымызда қарсы тұрарлық қаншалық күш-жігер болуы керек? Мәңгілік сұрақ.  Адамзаттан бұрын жаралған Ібілістің пенделерді адастыру жолындағы айласының сан алуандығынан сабақ алып жүрміз бе?.. 
Жиырма жылдан аса уақыт намаз оқитын Қария (арт. Қазақстан еңбек сіңірген әртісі С.Өтемісұлы, ҚР мәдениет қайраткері М.Шәкіров), ағайын-туғанды бастап бара жатады. Қатерлі науқасы бойын бунап, қиналған сәтінде  «Белгісіз жан» қасына жетіп келіп емдеп, жазатынын айта қояды. 
Алғашында көне қоймаған Қарияны: «Жарайды, ақысыз-ақ емдейін Сізді. Тек бір шартым, осы сәттен бастап сәждеге бас иіп, намаз оқығанды тоқтатасыз? Себебі, ем-дом барысында бар ынты-шынтыңызбен мендік болуға тиіссіз»  деп талап етеді.
Науқасы үдеп, жаны қиналып отырған Қария «жарайды, балам, ана кемпірді бұлқан-талқан етпей көрейін. Жалғыз қызымыз күйеуге тиіп, соның артынан  төсек-орнын апара жатырмыз» деп жиырма жылдан аса оқыған намазын тәрк етіп,  әзәзілдің дәрі сусынын ішеді. 
Қалайша?.. Жиырма жылдан аса уақыт сәждеге маңдайын тигізген, бес уақыт намазын бұзбаған Қария қалайша иманынан оп-оңай айныды?.. Басқан қадамымызды аңдып тұрған сиқыр күш, әулеттің атасын тура жолдан тайдырып, әзәзіл күшпен  алып соқты! 
Әдетте өз қателігіңнен ақталу үшін «ее, түлен түрткен де?» дейміз. Ал, сол қателікті жасау, не, жасамау үшін Жаратушы иенің бізге таңдау еркін қалдырғанын ойланбаймыз. 
Тор… Тату-тәтті әулетті кірпік қаққанша тоз-тозын шығарған әзәзілдің торына түскен туыстар арасында жанжал шығып, кісі өліміне дейін жетеді. Азғындықты алыстан іздеп әуре болудың қажеті жоқ екен. Бар болғаны Бөгде жанның Торына шырмалсаңыз бітті… Шырмалмау, шығу еркі өз қолыңызда.
Мінеки, осындай терең мағыналы қойылымды көрерменіне ұсынған шаниндіктер келесі жаңа қойылымның дайындығына кірісіп кетті. Қараша айындағы «Тор» психологиялық премьерасын пәлсапалық қойылыммен өрнектеген шаниндіктер желтоқсан айындағы премьерасын  Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арнамақ. 
 
Сая ҚАСЫМБЕК, 
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің 
меңгерушісі,  драматург.
Ақпарат okg.kz сайтынан алынды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған