«ЖОҒАЛҒАН ЖҰРНАҚ» ДРАМАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрында М.Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» драмасы сахналанды. Премьераны шығарма авторы М.Байғұт, зиялы қауым өкілдері мен жастар тамашалады.

Оқиға Мәскеуде оқып жүрген жас, елгезек Жұрнақтың 1986 жылы желтоқсанда сүйген қызы Алманың туған күніне Алматыға келуімен басталады. Достарымен қауышып, көрген-білгенін бөліскен Жұрнақ Мәскеудің қазақтарға деген теріс көзқарасын жасыра алмайды. Мерекелік басқосу соңы алаңға шыққан жастардың шеруімен ұласып, Жұрнақтың тағдыры түбегейлі өзгеріп сала береді.

Қойылым ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрдың көркемдік жетекшісі Б.Құрманғожаевтың режиссерлігімен қайта сахналанып отыр.

— Бұл шығарма 12 жыл бұрын Шанин театрында сахналанған екен. Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Жоғалған Жұрнақты» қайта сахналауды ұсынды. Біршама уақыт іздендім. Драма бір адамның тағдыры арқылы Желтоқсанның бізге қалдырған ізін көрсетеді. Егемендік бізге оңайлықпен келген жоқ. Кеңес Өкіметінің ыдырауына себепкер болған да, осы Алматыдағы қазақ жастарының қозғалысы. Осы оқиғадан кейін барып, Баку, Тбилиси, Прибалтика жерлерінде көтеріліс бой көрсетті. Кеңес Өкіметі кезінде тарих қайта жазылған. Бұрмаланған. Бізге Абылайды айтқызбады. Сол Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар қазір де арамызда жүр. Көрген зорлық-зомбылықтарынан олардың қоғамға деген көзқарасы өзгерді. Ал, біздің оларға деген көзқарасымыз қандай? «Біз сол Жұрнақтарымыз аңсаған өмірге жеттік, алайда біз олардың арманына адалмыз ба?» деген сұрақ арқылы көрерменге ой салсақ дейміз, -дейді Б.Құрманғожаев.

Премьерада студент ЖұрнақтыС.Әзімқұлов сомдаса, оқиғадан кейінгі Жұрнақтың арманы мен мұңын Б.Сегізбаев шебер жеткізді. Спектакльден соң, драма авторы М.Байғұт шығармашылық топтың жемісті жұмысына ерекше алғысын білдірді.

Айта кетейік, «Жоғалған Жұрнақ» спектаклі 24-25 желтоқсан күндері театр сүйер қауымға қайта ұсынылады.  

Алдабергенова Замира

Ақпарат https://shymkala.kz  сайтынан алынды.