Көркемдік жетекші тағайындалды

Күз – жаңалыққа толы мезгіл. Білім саласында жаңа оқу жылы басталып, балалар үлкен өмірге тағы бір қадам жасаса, мәдениет саласында театрлар шымылдығын түріп, ой салар, рухани бай дүниелерін ұсынып, көрермендерімен қауышады. Үшінші мегаполисте 6 театр бар. Олардың ішінде алғаш болып театр маусымын Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры ашса, өткен жұмада орыс драма театрының ұжымы көрермендерімен қайта қауышты. Ал, бүгін мегаполистегі қарашаңырақ Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры мен өзбек театры кезекті маусымын бастамақ.

Бүгін Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры 88-ші рет шымылдығын түреді. Театр ұжымы бұл маусымды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» тарихи драмасымен ашуды жөн санапты. Қоюшы режиссері – Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қ.Қасымов.
Тарихи драмада ел іргесін бұзбай, бірлігін бекем ұстауға қажыр-қайраты мен парасатын сарқа жұмсаған дана қолбасшы хан Абылайдың ішкі және сыртқы дұшпандармен арпалысы, қазақ елін бір ту астына біріктіруді аңсағаны көрініс тапқан. Алғаш рет бұл қойылымның тұсаукесері Қазақ хандығының 550 жылдығына орай  сахналанған. Бүгінде спектакльдің актерлік құрамында біршама өзгерістер бар. Абылай ханды М.Дариев, Топышты Ж.Сарыпбекова, Жолбарыс сұлтанды Р.Нұрманов, Әмірсананы А.Қалыбеков, Бұқар жырауды Б.Дәулетжанов сомдайды.
Театрдың 88-ші маусымдағы ең маңызды жаңалығы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Бекболат Құрманқожаев қарашаңыраққа көркемдік жетекші болып келді. Режиссер бұған дейін М.Әуезовтің «Қарагөз» және У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын осы театр ұжымымен сахналаған. Бір жылдан аса уақыт көркемдік жетекшісіз жұмыс істеген ұжым үшін бұл – үлкен қуаныш. Сондай-ақ, актерлік құрам «Бекзат» фильмінің басты кейіпкері – Бекзат Саттархановты сомдаған жас актер Самат Әзімқұловпен толығып отыр.
— Театр қоржынында 40-тан астам спектакль бар. Олардың бесеуі бүлдіршіндерге арналған ертегі, хикаяттар болса, қалғаны ересектерге арналған сүйекті қойылымдар. Жыл сайын театр репертуарына 5 қойылым қосылып отырады. Премьераның үшеуі – ересектерге, біреуі – жастарға, біреуі – бүлдіршіндерге арналады, -дейді театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек.
Қыркүйек айында театр Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы», М.Байғұттың «Асқаровтың ақ қайыңдары», А.Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай», У.Шекспирдің «Гамлет», М.Байжиевтің «Тіл табысқандар» туындысын сахналайды.

Заман ағымына қарай талғамы мен талабы артқан көрермен қауым үшін театр ұжымдары барын салуда. Жаңа маусымнан көзі қарақты көрерменнің де күтері көп. Бүгінде әлемді жайлаған пандемия мәдениет ошақтарының да келушілерін азайтып тастады. Десек те, театр ұжымдары өнерсүйер қауымның санитарлық талаптарды сақтай отырып, саф өнерден алыстамайтынына сенімді.
Келіңіз, көріңіз, ұлт руханиятының жаршысына айналған мәдени ортамен бірге болыңыз!

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

Ақпарат https://shymkala.kz  сайтынан алынды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған