Наурыз тойы – көне Шымқалада

Наурыз мерекесі қарсаңында Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында «Наурыз тойы көне Шымқалада» атты жаңа пьесаның премьерасы көрерменге жол тартты. Кішкентай бүлдіршіндер назарына ұсынылған таңғажайып хикаят өзекті мәселелерді арқау еткен.  

 Қала тарихынан сыр шертетін, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз  мерекесінің шынайы мән-мағынасын насихаттайтын ерекше қойылымның көрерменге айтары көп, берері мол. Қойылым авторы, драматург Сая Қасымбек пен режиссер Жұмабек Есімов қала тарихы мен экология, туған жердің қадірі, ел мен жерге сүйіспеншілік, қасиет пен кие, табиғатқа жанашырлық сезімін бала ұғымына лайықтап жеткізе білген.

Ел арасындағы аңызда қазіргі Шымкент қаласының қақ ортасын жарып ағып жатқан Қошқар ата өзенінің пайда болуы көне қала тарихымен байланысты айтылады.  Оқиға желісі бойынша көне қалаға саяхаттауға келген екі оқушы баланың біреуі екі мың жыл бұрынғы дәуірге тап болады.   

Пьеса авторы, драматург Сая Қасымбек: «Еліміздегі жер-су, қала атауларының әрқайсының өзіндік тарихы, танымдық ерекшелігі бар. Елді мекендер өзінен-өзі пайда болмайды, белгілі бір табиғи заңдылықпен дамып, өркендейді. Біздің оңтүстікте тіпті сақ дәуірінде пайда болған шаһарлар бар. Шымкент қаласының ортасында сақталған көне шаһар да ерте заманның ескерткіші. Мен бұл хикаятты жазу арқылы қаламыздың болашақ азаматтары – қазіргі бүлдіршіндер өздері тұратын мекеннің тарихына көңіл аударуын көздедім. Тарихи тәжірибеге сәйкес, егер қаланың қақ ортасынан өзен ағып жатса ол қала ұзақ өмір сүреді екен. Біздің Шымкентті қақ бөліп Қошқар ата өзені ағады. Бұл өзеннің мұздай суының шипалық қасиеті бар. Адамдар қай заманда өмір сүрсе де өзінің туған жеріне деген көзқарасы бірдей, дәуір өзгерсе де  тұрғындардың өз қаласына деген құрметі, сүйіспеншілігі өзгермеуі керек. Су – тіршілік көзі, ішіп отырған суыңды ластама, көптің тілегі біріккен кезде елге ырыс-құт келеді деген оймен тағылымдық мақсатта жазылған туынды Наурыз мерекесімен қисынын тауып, көрерменге осылай жол тартты».  

Қойылымның соңында қала тұрғындары ұзынсонар қыстан кейін қаптың түбінде қалған дәнді уыстап  қазанға салып, наурызкөже жасайды. Мереке соңы көне заман мен бүгінгі қала тұрғындарының  наурызды тойлауына ұласады. Шымкенттің символы – қызғалдақ, аналарымыз пір тұтқан Ұмай ана мен Наурыз ару, бірлік пен ынтымақтың тайқазаны – кешегі мен бүгінгіні ұластырған тамаша қойылым ең кіді, кірпияз көрермен – кішкентай балдырғандардың шынайы ықыласына ие болды.   

Дина ИМАМБАЕВА

Ақпарат http://kazgazeta.kz  сайтынан алынды.