Құрмағожаев Бекболат Болатжанұлы 

Театрдың көркемдік жетекшісі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, режиссер 
Бекболат Болатжанұлы Құрмағожаев.

Бекболат Болатжанұлы Құрмағожаев Алматы облысы, Талғар ауданы, Фрунзе совхозында дүниеге келген.

1973-1975ж.ж. аралығында Чехославакияда әскер қатарында жүріп, «Центральная группа войск ЦГВ» ән-би ансамблінің бишісі болды.

1975-1979 жылдары «Молодой балет Алматы» (бүгінгі Академиялық классикалық би ансамблі, жетекшісі – ҚР халық артисі Б.Аюханов) өнер ұжымында қызмет етті.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясын театр және кино актері мамандығы бойынша, Б.Бейшаналиева атындағы Қырғыз мемлекеттік өнер институтының театр режиссері мамандығы бойынша білім алған.

1975 – 1979 жылдары Алматы жас балет театрында алғашқы еңбек жолын бастаған.

1979 – 1993 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамында еңбек етіп, 40-тан астам кейіпкер бейнесін көрерменмен қауыштырды. Олардың қатарында: М.Әуезов «Қара Қыпшақ Қобыланды» – Бірсінбай, Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш–Баян Сұлу» – Қозы, Ш.Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн» – Мәңгүрт, «Ана – Жер Ана» – Қасым, Н.Хикмет «Фархад – Шырын» – Фархат, У.Шекспир «Асауға тұсау» – Люченцио, Е.Шворц «Күлше қыз» – Ханзада және т.б. бар. Халық қаһарманы, режиссер Ә.Мәмбетовтің қойылымдарында С.Майқанова, Ы.Ноғайбаев, А.Әшімов, Ә.Молдабеков, Н.Жантөрин, С.Оразбаев сынды сахна саңлақтарымен бірге өнер көрсете жүріп, рухани дәріс алып, шеберлігін шыңдады.

Бекболат Болатжанұлының театрдан бөлек, кино өнеріне де қосқан үлесі орасан.  Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудия дубляжында 1000-нан астам фильмді қазақша дыбыстады: А.Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі» – Інжухан, «Жас Абай» – Абай, «Қош бол, Гүлсары» – Танабай, Қ.Қасымбектің «Жас Жамбыл» – Жамбыл, С.Тәуекелдің «Махамбеттің қылышы» – Жәңгірхан, және басқа да фильмдерде басты кейіпкерлерді экраннан сөйлетті. «Хабар», «Қазақстан», «Астана», «7-арна» және Президенттің телеарнасында 10 000-ға жуық телесериал мен деректі фильмдердің дикторлық мәтінін оқыды.

1995 – 2004 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында,  проректор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, 2004-2021жылдары Қазақ Ұлттық өнер университетінде профессор қызметтерін атқарды.

2001 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай қолтаңбасында көрерменге жол тартқан Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтың «Шөл үстінде… өлі тыныштық…» драмасында Шыңғысхан рөлімен Астана және Алматы қалаларының театрсүйер жұртшылығын тәнті етіп, сахна мамандары тарапынан жоғары баға алды.

2004 – 2009 жылдары Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының бас режиссері КСРО халық артисі, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтың орынбасары қызметін атқарған. Осы кезеңде әйгілі режиссермен шығармашылық бірлікте А.Чеховтың «Ваня ағай», Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер», У.Ғаджыбековтің «Аршын мал алан» қойылымдарын қайта жаңғыртып, жаңа тыныс сыйлады. Бекболат Болатжанұлы сахналаған О.Бөкейдің «Құлыным менің» драмасы да көпшіліктің сүйіп тамашалайтын қойылымына айналды. Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театры сахнасында ойнаған «Ромео мен Джульеттадағы» (У.Шекспир) – Меркуцио, А.Дударевтың «Кеш» драмасындағы – Гастрит рөлдерімен де көрермен есінде қалды.

Бекболат Болатжанұлы бүгінгі күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласы Жастар театрының қоюшы – режиссері қызметін атқарды. Қазіргі таңда Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі.