Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры.
Қазақ театр өнерінің қара шаңырақтарының бірі – Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры 1934 жылы құрылып, театр шымылдығы алғаш Ғ.Жасақбаевтың «Заман заңы» драмасымен түрілді.
Сырға толы сахна әлемінің алғашқы қарлығаштары Райсхан Байкенов, Тәкен Мәдіходжаев, Қойлыбай Қарсақбаев, Халел Шаженов, Гүлжамал Батырғалиева, Фаррух Жәсенов, Фаузия Шерияздановалар қара шаңырақтың іргетасын қалаушы тұлғалар ретінде қалды. Болмысы бөлек таланттар салған жолдың ізін жалғастырушы – сахна саңлақтары Ғайнижамал Хайруллина, Жұмабике Серікбаева, Қали Дүйсеков, Әкіш Шанин, Әмина Өмірзақова, Хадиша Бөкеева, Әбен Мұхамедияров, Айша Абдуллина, Әубәкір Ордабаев, Мұхтар Найманбаев, Сейіт Досмағанбетов, Мұхтар Өтебаев, Қасымхан Шанин, Отызбай Жұмабеков, Ақсақал Қалмырзаев, Мәжит Ілиясқаров, Ошат Рахимов, Жақып Омаров, Тастан Өтебаев, Әскер Құлданов, Ерғали Оразымбетов сынды майталмандар театрдың өсіп өркендеп, шығармашылық деңгейінің қалыптасуына орасан еңбек етті. Театрдың алғашқы қойылымдары С.Ерденаевтың «Малқанбай», С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», В.Корнейчуктің «Платон Кречет» пьесалары сахналанды.
1972 жылы театрға тұңғыш режиссер, драматург, қоғам қайраткері Қазақстанның халық артисі Жұмат Шаниннің есімі берілді.
Тәуелсіз жылдар ішінде театр ұжымы көптеген халықаралық, республикалық фестивальдерде жүлдегер атанды.
Театр Стамбул қаласында өткен түркітілдес халықтарының фестиваліне, Ташкент, Әндіжан, Бішкек қалаларында өткен Орта Азия мемлекеттерінің фестивальдеріне қатысып, шеберлік алмасты.
2014 жылы театр жаңа ғимаратқа көшіріліп, салтанатты ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты. Ғимараттың көрермен залы 500 адамға арналған, сонымен қатар, мұражайы бар.
Театрға 2015 жылы «Академиялық театр» мәртебесі берілді.
2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы аталып, Шымкент қаласы – маңызы бар үшінші қала Мегаполис статусына ие болды. Театр Шымкент қаласында қалуына байланысты, Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры болып өзгерді.
Бүгінгі күнге дейін театрда 400-ден аса қазақ және әлемдік драматургияның жауһар туындылары қойылған. Ағымдағы репертуарда Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз», Уильям Шекспирдің «Гамлет», Думан Рамазанның «Абылай ханның арманы», Мұхтар Шахановтың «Танакөз», Шахмет Құсайыновтың «Әбу Насыр әл-Фараби», Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?», Надежда Птушкинаның «Күтпеген кездесу», Барзу Абдураззаковтың «Әйел сыры», Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Бес бойдаққа бір той», Ерсайын Төлеубайдың «Жеңгетай», Рақымжан Отарбаевтың «Бас», «Шырмауық», Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы», У.Шекспир шығармаларының желісі бойынша «QORAZ» трагикомедиясы сынды әлемдік және қазақ классикаларымен қоса бүгінгі күннің өзекті тақырыптарын арқау еткен 30-дан аса қойылымдар мен балаларға арналған ертегілер бар.
Бүгінгі таңда театр труппасында ҚР Еңбек сіңірген артистері Сапарбай Өтемісов, Құпия Рақымбердиева, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерлері Мұқан Шакиров, Айжан Жұмабекова, Раушан Салова, Гүлшат Еспай бастаған талантты артистер еңбек етуде. Алдыңғы буын ағалардың мектебімен қаныққан орта буыны мен жастар буыны да шығармашылық дәстүрді сабақтастырумен қатар жаңа қырларын аша түсуде.
Театр режиссерлері – Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қ.Қасымов және Ж.Есимов. Бас суретшісі – ҚР Мәдениет қайраткері Қ.Жұмақұлов. Театрдың көркемдік жетекшісі – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Б.Құрманғожаев. Театр директоры – ҚР Мәдениет саласының үздігі Қ.Қарғабаев.
Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры – кезең кедергілеріне кептелмей, сахна тарландарының өнер жолындағы сан-қилы сәттері мен тағдыр тоғысуынан тұратын қазақ театр сахнасында алып актерлер галереясын қалыптастырды.
Сахна өнеріне тер төккен режиссер, суретші, гример, бутафор сынды кәсіби сахна мамандарының еңбегімен халықтың ықыласына бөленген – киелі өнер ордасы.
-
1940 жылдардағы Театр ғимараты -
-
Сол жақтан: Театрдың тұңғыш кәсіби режиссері – Халел Аюбайұлы Шәженов,
тұңғыш директоры- Лев Осипович Берещук, Тәкен Мәдіходжаев -
1940 жылғы 7-ші қараша.
Театрдың балет тобы: 1 қатарда сол жақтан- Фаузия Шериязданова,
Рашида Айтбаева, Гүлжамал Батырғалиева.
2-қатар: 3-ші Хамит Әлиев, 5-ші Сапар Тәжиев, Қасымхан Шанин -
«Айман-Шолпан» спектаклінен көрініс. -
Жерде сол жақта отырған – режиссер Тілек Ерғалиев, 1-ші қатарда оң жақтан
3-ші режиссер Әбубәкір Ордабаев, 6-шы Ю.Завадский -
Оң жақтан 1-ші қатарда 2-ші Құрманбек Жандарбеков, 2-ші қатарда ортада Ж.Шанин
театрының режиссері – Ғайнижамал Хайруллина, 3-ші қатарда ортада – Ю.Завадский.