Жұмақұлов Қалтөре Дүсембайұлы

Жұмақұлов Қалтөре Дүсембайұлы

1958  жылы  16  қаңтарда  Оңтүстік Қазақстан облысы   Ленгір  қаласында  дүниеге  келген. 1974  жылы Ә.Қастеев  атындағы  көркем – сурет  училищесіне  түсіп, 1978  жылы  бітіріп, сурет және сызу пәнінің мұғалімі мамандығын алған. 1978-80 жылдары  Кеңес  армиясы  қатарында  азаматтық  міндетін атқарды.

1980 – 1982  жылдарда  Жетісай  қаласында  Қ.Жандарбеков  атындағы  сазды  драма  театрында  суретші-бутафор  болып  қызмет  етті.

1982 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрына қоюшы-суретші қызметіне ауыстырылды.

1984 жылдан бері осы  театрда бас  суретші  қызметін атқарып келеді.

1984 жылдан Қазақстан театр  қайраткерлері  одағының  мүшесі. Осы жылдар  аралығында 200-ден астам  қойылымдардың сахналық  тұлғалық шешімдерін жасады, арасында  шет ел классиктерінің де  шығармалары бар.

Сонымен қатар Түркістан сазды драматеатрында, Облыстық опера және балет театрында, Облыстық орыс драма  және облыстық сатира және сықақ театрларында да  шығармашылық байланыс орнатып  жұмыстар атқарып келеді.  Еңбектері  еленіп облыс әкімінің, облыс мәслихатының, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің алғыс хаттарымен, Құрмет  Грамоталарымен  бірнеше дүркін  марапатталған.

1998 жылы – бауырлас Өзбекстан Республикасының Әндіжан  қаласында Халықаралық «Наурыз театр фестивалінде»  сценография  бойынша  «Ең үздік суретші», 2000 жылы «Жыл адамы» номинациясы бойынша «Ең үздік суретші» атанды.

2000 жылы Қазақстан Республикасы «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталды.

Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Миғұла терісі үстіндегі сот немесе Сократты еске алу түні» және Вахапзаденің «Көк  түріктер» қойылымдарымен Туркия мемлекетінде екі рет театр фестивальдеріне  қатысып алғыс алып қайтты.

2005 жылдан бері М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік  университетінде «Режиссура және  актерлық өнер» кафедрасында аға  оқытушы санатында ұстаздық қызмет етіп шәкірттер дайындауда. Осы жылдар  аралығында 2 оқу құралы, электронды оқу  құралы мен бірнеше әдістемелік  нұсқаулықтар шығарған.

2006 жылы Қырғызстан республикасының астанасы Бішкек қаласында өткен  Халықаралық театр  фестивалінде «Ең Үздік сценография» дипломына ие болды.

2010 жылы Алматыда өткен Орта Азия республикаларының Халықаралық театр фестивалінде де «Ең үздік суретші» номинациясын жеңіп алды. Халықаралық, республикалық, облыстық мәдени іс-шаралардың сахналық безендірілуіне  белсенділікпен  ат салысады.

2012 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Қазақстан театр  қайраткерлері одағының «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығымен театр өнеріндегі айрықша шығармашылық  табыстары үшін  дәріптелді.

2013 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.

2015 жылғы «Театр көктемі -2015» Оңтүстік Қазақстан облыстық театр фестивалі байқауында «Ең үздік сценограф» номинациясын иеленді.

  2017 жылғы «Түрксой-2017» Халықаралық театр фестивалінеде «Үздік суретші» бас жүлдесін иеленді.

2017 жылы .Ж.Шаниннің 125 жылдығына орай «Қазақтың тұңғыш режиссері Ж.Шаниннің 125 жылдығына арналған Түркі әлемі  театрларының «Театр көктемі-2017» Халықаралық фестиваліне Д.Рамазанның  «Абылай ханның арманы»  тарихи драмасымен қатысып,  «Үздік суретші» номинациясын  иеленді.

Қазақстан  Республикасы  Президентінің  2018 жылғы 20 маусымдағы Жарлығы бойынша «Астана 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Театр ұжымы мүшелерінің арасында, облыс  тұрғындарының алдында үлкен құрметпен пайдаланады. Үлгілі отбасы.  

 Ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған  Қ.Жұмақұлов – өнегелі отағасы, қадырменді ата, аяулы жар. Ұжымда құрметке бөленген, Оңтүстік өлкесінде сыйлы азамат.