Жеңіске 75 жыл

Тәуелсіздік жолындағы тарихи оқиғалардың маңызды мерекелеріне  құрмет көрсету жылында Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры Жеңістің 75 жылдығына арналған   С.Жүнісовтің “Жаралы гүлдер” драмасының премьерасын ұсынады.

Ұлтымыздың ұлы жолы, талайлы тағдыры, бай тарихы, бабалар өмірі, елдігіміз үшін әзіз жанын пида еткен ірі тұлғаларымыздың өнегелі ғұмыры бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің баға жетпес құндылығы. Табалдырығымызды аттаған 2020 жылда да тәуелсіздік жолындағы тарихи оқиғалардың маңызды мерекелеріне  құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың басты парызы,
Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске 75 жыл толып отыр. Басқа өнер ордалары секілді Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің театрдың  репертуарында көкейтесті тақырыптар болды. Соғыстың алғашқы жылдарында театрдың 26 қызметкері қанды майданға аттанды, оның 17-сі актерлер еді.  Олардың қатарында айтулы дарын иелері, театрдың белді артистері Қ.Қарсақбаев,  Р.Байкенов  М.Юсупов,  Т. Мәдіхожаев, Қ.Сыздықов, М.Көкеев, И.Ақбұйымов, А.Шейхсламов, С.Шаженов тағы басқалар болды. Олардың көбі майданнан оралмады.