Театрдың тарихы

 

Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының қысқаша тарихы

Қазақ театр өнерінің қара шаңырақтарының бірі – Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры 1934 жылы құрылған. Өнер ұжымының алғашқы құрамында Р.Байкенов, Т.Мәдіхожаев, Г.Батырғалиева, Ф.Шериязданова, А.Жәсенов т.б. бастаған жиырма бестей адам болды. Тек қана құштарлық, құмарлық, қызығушылық болмаса өнер мектебі дегенді көріп білмеген, жете сезінбеген ұжымның тырнақалды қойылымдарында Р.Әбдірахманов, Ж.Арғынбаев секілді талапты режиссерлер де даралана бастады. Театр шаңырағын көтергеннен кейін екі жылда өнер ордасы көркемөнерпаздар деңгейінде жұмыс істеді. Ғ.Жасақбаевтың «Замана заңы», С.Ерденаевтың «Малқанбай», С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек», В.Корнейчуктің «Платон Кречет» пьесалары сахналанады.

  • 1942 жыл. Х.Шаженовтың ең таңдаулы режиссерлік жұмысы «Ақан сері- Ақтоқты» спектаклі қойылды. Мухамедьяров Абенге «Қазақстан Республикасының еңбек сіңген артисі» атағы берілді;
  • 1944 жыл. Дүйсеков Қалиға «Қазақстан Республикасының еңбек сіңген артисі» атағы берілді;
  • 1947 жыл. Жұмабике Серікбаева мен Тұрсынов Жүсіпбекке «Қазақстан Республикасының еңбек сіңген артисі» атақтары берілді.
  • 1958 жыл. Театрдың бас режиссері Ғ.Хайруллинаға, актриса Ж.Серікбаеваға «Қазақстанның халық артисі» атағы берілді. Театр режиссері Ә.Ордабаевқа, актерлер С.Ерғалиев, С.Досмағанбетов, Ж.Тұрсынов, Ә.Шанин, Р.Бәйкенов, Р.Досжановаларға «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» атағы мен Қазақ Республикасының Жоғары Советінің Мақтау Грамоталары берілді.
  • 1972 жыл. Театрға тұңғыш режиссер, драматург, қоғам қайраткері Жұмат Шаниннің есімі берілді.
  • 1993 жыл. Театр актрисасы Құпия Рахымбердиеваға «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», актер Ақсақал Қалмұрзаевқа «Қазақстанның халық әртісі» атақтары берілді.
  • 1994 жыл. Театр ұжымы өзінің 60 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласында «Театр күндерін» өткізіп, Ж.Шаниннің “Арқалық батыр”, Д.Исабековтің “Анасын аңсаған қыз”, С.Балғабаевтың “Ең әдемі келіншек”,  Б.Әбилдаевтың “Айша бибі” қойылымдарын сахналады.
  • 2002 жыл. Қызылжар /Петропавловск/ қаласында Ғ.Мүсіреповтың 100 жылдығына орай өткізілген Республикалық театр фестиваліне Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясымен қатысып, «Үздік режиссер» номинациясын иеленді.
  • 2003 жыл. Орал қаласында өткен ХІ Республикалық театрлар фестивалінде И.Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?!» қойылымымен қатысып, «Үздік режиссер» номинациясымен марапатталды.
  • 2006 жыл. Бішкек қаласында өткен Еуропа мен Орта Азияның 14 елінің театрлары бас қосқан «Арт-ОРДО» фестивалінде, Ш.Айтматовтың «Жанпидасымен» қатысып – «Бас жүлде», «Үздік суретші», «Үздік режиссер» номинацияларын қанжығасына байлады.
  • 2006 жыл. «Сахна – Көктем – Театр 2006» фестивалінде «Бас жүлде» иеленді.
  • 2007 жыл. Халықаралық «Театр көктемі – 2007» фестивалінде М.Байғұттың «Бозторғайдың ұясы» қойылымымен «Бас жүлдені» жеңіп алды.

Ақын, драматург Иран-Ғайыптың 60 жылдығына орай Қызылорда қаласында өткен театр фестивалінде Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?!» спектаклімен қатысып «Үздік режиссер» номинациясын иеленді.

  • 2009 жыл. Қарағанды қаласында өткен Біржан сал Қожағұлұлының 175 жылдығына арналған Республикалық театрлар фестиваліне Д.Исабековтың «Мұңлық-Зарлық» драмасымен қатысып, «Эпостық шығарманы сәтті меңгергені үшін» номинациясын иеленді.
  • 2011 жыл. «Театр көктемі – 2011» Республикалық театр фестивалінде Е.Тұрысовтың «Ұлы көш» тарихи драмасымен қатысып «Ең үздік тақырыптық қойылым» номинациясын иеленді.
  • 2014 жыл. Театр жаңа ғимаратқа көшіріліп салтанатты ашылуына Елбасымыз Н.Назарбаев қатысты.

Қазақстан Театр қайраткерлер Одағы өткізген «Еңлікгүл -2014» театр фестивалінде театр қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Бейсенкүл Әлжанова – «Үздік грим-суретші» номинациясын иеленді.

  • 2015 жыл. Театрға «Академиялық театр» мәртебесі берілді.

Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай қойылған Ә.Таразидың «Әлия» трагедиясында (қоюшы режисссері Иманәлі Сапаров) Әлия ролін үздік сомдағаны үшін актриса Жәудір Сарыпбекова ҚР «Серпер» Жастар сыйлығын иеленді.

 Театр қызметкері, ҚР Мәдениет қайраткері Мұқан Шакиров «Құрмет» орденімен марапатталды.

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай сахналанған Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» драмасында (қоюшы режиссері Қ.Қасымов) Абылай ханды сомдағаны үшін актер М.Дариев пен Бұхар жырауды сомдаған актер ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мұқан Шакиров «Қазақ хандығының 550 жылдығы» медалін иеленді.

  • 2016 жыл. «Театр көктемі – 2016» театр фестивалінде Р.Отарбаевтың «Бас» драмасы сахналанып, Бас жүлдені қанжығасына байлады.
  • 2017 жыл. Қазақтың тұңғыш режиссері Ж.Шаниннің 125 жылдығына арналған Түркі әлемі театрларының «ТЕАТР КӨКТЕМІ -2017» Халықаралық театр фестивалінде Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» тарихи драмасымен қатысып, ІІІ орын «Жанр табиғатындағы көркемдік» жүлдесін иеленді. «Үздік суретші» – номинациясын театрдың бас суретшісі ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов иеленді. «Қойылымдағы ұтымды бейне» номинациясын театр актері Махметәлі Дариев иеленді.

Астана қаласында өткен Қазақстан Театрлары ассоциациясы ұйымдастырған, Жас режиссерлердің Қайрат Сүгірбеков атындағы I Республикалық форум фестиваліне О.Богаевтың  «Ылдиға жол» – пәлсапалық әфсанасымен қатысты.

Театрдың талантты актрисасы Жəмиля Бекмурзаева Облыстың мəдениет саласын дамытуға ерекше үлес қосқаны үшін «Үздік әртіс» номинациясының иегері болып танылды. Сонымен қатар театрдың көркемдік жетекшісі Жұмабек Есимов Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

  • 2018 жыл. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында сахна саңлағы, режиссер, актер Х.Шаженовтың 110 жылдығына және ҚР Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Райымбек Сейтметовтың 80 жылдығына арналған «ТЕАТР КӨКТЕМІ – 2018» облыстық театр фестивалінде М.Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясы сахналанып, бас жүлде «Ең үздік қойылым» номинациясын жеңіп алды.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысы аталып, жаңа облыс орталығының Түркістан қаласына көшуіне байланысты Шымкент қаласы маңызы бар үшінші қала Мегаполис статусына ие болды. 1934 жылы құрылған Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрын Шымкент қаласында қалдыруына байланысты, Ж.Шанин атындағы «Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры» болып аталды.

         Театр репертуарында әлемдік және қазақ классикалары, тарихи, бүгінгі күннің өзекті тақырыптарын арқау еткен шығармалар берік орын алған.

         Ж.Шанин театры алғаш шымылдығын түргеннен-ақ режиссерлік галереясы Ж.Арғынбаев пен Р.Әбдірахманов, Г.Зорин, Ю.Рудаковский, П.Носонов, Ә.Мырзалиев, В.Меркурьев, И.Мейерхольд, Х.Шәженов, Ғ.Хайруллинадай дара есімдермен айбыны арта түскен толқынды Ә.Ордабаев, Қ.Шанин, В.Диаков, Ж.Омаров, Т.Өтебаев, Ә.Құлданов, Қ.Жетпісбаев, А.Оңалбаев, Р.Сейтметов, Е.Уразимбетов сынды ерекше режиссерлік қолтаңбасымен қатар, көркемдік жетекші, бас режиссер  қызметтерінде аброймен атқара білген тұлғалар алдыңғы  буынның сара жолын жалғастырды. Театр жылнамаларында сол бір кезеңдер «Алтын ғасыр» ретінде тарихқа  таңбаланды. Соңғы жылдардағы режиссураға  жаңа дәуір лебін ала келген И.Сапаров, Т.Әшімов, А.Отарбаев, С.Тасеменова, Қ.Қасымов, Ә.Рахимов, Ө.Тастанбеков, Ғ.Арынов, А.Алтынбеков, Т.Ахмет, Б.Құрманқожаев, Б.Абдірахманов, Ж.Есимов сынды сахна суреткерлері өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

  Сырға толы сахна әлеміне алғашқы адымдарды басып, қара шаңырақ іргетасын қалаумен қатар, сахна сырын терең ұғына білген Е.Досымбетов, Т.Мәдіходжаев, И.Тәуірбалин, Ф.Шерияздановалар театр шежіресінде  актер әліппесін қалыптастырған тұлғалар ретінде қалды. Болмысы бөлек таланттар салған жолда ізін  жалғастырып, киелі өнердің қара қазанында қайнаған – Г.Батырғалиева, Р.Байкенов, Ә.Өмірзақова, Х.Бөкеева, Ж.Серікбаева, Қ.Қарсақбаев, Қ.Дүйсековтер кәсіби ағымның алғашқы қарлығаштарына айналған сезім суреткерлері. Өнер жауынгерлерінің сапын сиреткен соғыс жылдарынан кейін, құлдырауға ұшырай бастаған актерлер қазынасы Ә.Шанин, Ә.Мұхаммедияров, Р.Досжанова, Ж.Тұрсынов, Б.Ерғалиева, А.Абдуллина, Х.Сазантаева, Е.Садақбаевалар қатарына қосылған С.Досмағанбетов, М.Найманбаев, М.Өтебаевтай жалынды жастармен театр сахнасында жаңа өрлеу басталды. Алыптар аманатын арқалаған Е.Нұрақов, А.Қалмырзаев, О.Жұмабеков, О.Рахимов, А.Ысрайлов, С.Өтемісұлы, М.Ілиясқаровтар өзіндік айшығымен театрдың асқақ беделін шарықтатты. Жоғарыда аталған абыз-артистердің жұрнағын жалғап, сахналық серіктес бола білген  Қ.Рахымбердиева, Р.Салова, А.Жұмабекова, Г.Қазақбаева, А.Айнабалаева, Ғ.Қасенова, А.Қарабекова, Г.Еспай, М.Шакиров, Т.Есенғалиевтар көрерменін  актерлік шеберліктерімен сусындатуда. Алдыңғы буын ағалардың ойынымен қаныққан жаңа ғасырдың жастар буыны, шығармашылық дәстүрді сабақтастырумен қатар жаңа қырларын аша түсуде. 

Бүгінгі таңда театрда

2 – ҚР еңбек сіңірген артисі,

1 – ҚР еңбек сіңірген қайраткері,

1 – «Парасат» орденінің иегері,

1 – «Құрмет» орденінің иегері,

9 – «ҚР мәдениет қайраткері,

8 – «ҚР мәдениет саласының үздігі»,

1 – «Серпер» Жастар сыйлығының иегері-

 қызмет етеді.

Өнер ошағын халықсыз елестете алмайтынымызды ескерсек, театр сахнасында қазақ мәдениетінің құнды дүниелерін сахналап, көрерменді көзайым қылу үшін театр ұжымы аянбай еңбек етуде.